Абай облысының лингвистикалық орталығының тыңдаушыларын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті
20 мамыр күні Абай облысының лингвистикалық орталығы 2026 оқу жылының бірінші жартыжылдығын қорытындылап, сертификат табыстау рәсімін өткізді.
Бірінші жартыжылдықта барлығы 549 тыңдаушы білім алса, оның 321-і мемлекеттік тіл, 176-сы ағылшын тілі, ал 52-сі орыс тілі курсын сәтті тәмамдады.
Салтанатты іс-шараны Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының орынбасары Олжас Амангелдіұлы құттықтау сөзбен бастап, Орталық оқытушыларын Басқарма басшысының алғыс хатымен марапаттады.
Орталықта қала тұрғындарымен қатар, мемлекеттік, бюджеттік және акционерлік қоғам қызметкерлері, сондай-ақ жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері білім алды. Бұған қоса, Семей медицина университетінің Түркіменстан және Үндістаннан келген студенттері қазақ тілі, ал Шәкәрім университетінің Дайындық бөлімінде оқитын Қытай мен Моңғолиядан келген қандас студенттер үш тіл бойынша курстарға қатысты.
Орталықпен тығыз жұмыс істеген мекемелердің жауапты мамандары марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды.
Сондай-ақ, сабақтарға тұрақты қатысып, тіл меңгеруде жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылар «Үздік тыңдаушы» номинациясымен және жекелей сыйлықтармен марапатталды.