Абай облысында «Digital Abai — Қазақ мәдениетінің алтын бесігі» хакатоны өтті
2025 жылдың 8-9 қараша күндері Абай облысының мәдениет , тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының облыстық лингвистикалық орталығы және Abai IT-Valley технологиялық кластерінің ұйымдастыруымен қазақ тілін цифрлы кеңістікте дамытуға арналған “Digital Abai - Қазақ мәдениетінің алтын бесігі» атты алғашқы облыстық хакатон өтті.
Іс-шараның мақсаты: жаңа технологиялар арқылы қазақ тілді оқытуға арналған цифрлық құралдар әзірлеу.
Хакатонға қазақ тілін үйретуге арналған платформалар, жасанды интеллект негізіндегі чат-боттар, ойындар мен мобильді қосымшалар бағытында өз жобаларын қорғаған Білім-Инновация лицейі, Назарбаев зияткерлік мектебінің 10, 11, 12-сынып оқушыларынан, ұстаздарынан, ЖОО студенттерінен және IT мамандарынан құралған 11 команда қатысты.
Бұл бастама – ұлттың рухани коды мен заманауи технология бір арнаға тоғысқан, жаңа идеялар мен креативті бастамалардың нағыз жарыс алаңы болды.
Қатысушылардың жұмыстарын кәсіби тіл мамандары мен IT саласының өкілдерінен құралған қазылар мен сарапшылар тобы жоба идеясы мен техникалық іске асыру мүмкіндігі бойынша бағалады.
Жоба қорытындысы бойынша:
IT мамандарынан құралған “РухAI” командасы БАС ЖҮЛДЕНІ иеленді. Жобаның ережесіне сәйкес аталған команда Абай облысының лингвистикалық орталығымен келісімшартқа отырып, ұсынған жобаларының толық нұсқасын жүзеге асыратын болады! ????
Сонымен қатар қазылар алқасының шешімімен:
І орынды – Білім инновация лицейінің 9-10 сынып лицейістерінен құралған “Brutal Fairies” командасы;
ІІ орынды Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-12 сынып оқушыларынан құралған – “COR” командасы;
ІІІ орынды Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздарынан құралған – “Anyz game” командасы иеленді.
І, ІІ және ІІІ орын иегерлері «Home Credit Bank» демеушілігімен ақшалай сыйлықтарға ие болды!
Жүлделі орын иегерлері алдағы уақытқа жоспарланған респуликалық форумда өз жобаларын таныстыратын болады.