Ахмет мұрасы – ұлттың рухани қазынасы
Ахмет Байтұрсынұлының туған күні мен Қазақстан халқы тілдері күніне орай Абай облысының лингвистикалық орталығы ұйымдастырған «Ахмет Байтұрсынұлының тіл реформалары мен әдебиетке қосқан үлесі» атты тағылымды әдеби-танымдық кеш өтті. Кеш шымылдығы Ахмет туралы бейнероликпен түріліп, рухани әуен мен жүрекке жеткен сөздерге жалғасты.
Ә.Қашаубаев атындағы филармонияның «Дала сазы» оркестрі ұлттық әуенді әуелетсе, Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының әртістері Ұлт ұстазының жырларын сахна төрінде мәнерлеп оқыды.
Халықтық ақындар орталығының жас дарындары жүрекжарды жырларын арнады.
Ғылыми баяндама жасағандардың қатарында ф.ғ.к. Э.М.Сәмекбаева («Ахмет Байтұрсынұлының тілтанулық мұрасының қазіргі ғылымдағы сабақтастығы») мен ф.ғ.магистрі Е.Б.Нурпеисова («Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әдебиеттануының іргесін қалаушы ғалым») болды.
Бұл мәнді де мағыналы кешке қоғам қайраткерлері, тіл оқыту орталықтары, мәдениет, білім және құқық қорғау саласының өкілдері қатысты.