«Үздік оқытушы» сайысы

2025 жылғы 25 сәуірде «Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығы» КММ-сінің ұйымдастыруымен өзге ұлт өкілдеріне сабақ беретін қазақ тілі мұғалімдерінің арасында «ҮЗДІК ОҚЫТУШЫ САЙЫСЫ» өткізілді.
Сайыстың мақсаты: - Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытудағы үздік тәжірибелер мен әдістемелерді насихаттау, жаңа педагогикалық көзқарастар мен шығармашылық әдістерді дамыту, өзара тәжірибе алмасуға жағдай жасау, мұғалімдерді ынталандыру, қолдау білдіру.
Аталған сайысқа барлығы қала мектептері мен колледждерінен бес ұстаз қатысып, үш кезең бойынша өз білімдері мен тәжірибелерін сынға салды. Бірінші кезеңде қатысушылар портфолио ұсынып, өздерінің кәсіби жетістіктерін таныстырды. Екінші кезеңде сабақ үлгісін өткізіп, оқыту әдістемесін көрсетті. Ал үшінші кезеңде қойылған сұрақтарға жауап беріп, тіл үйрету барысындағы біліктіліктерін дәлелдеді.
Сайысқа көрермен ретінде тіл жанашырлары, Жезқазған университетінің студенттері, мектеп оқушылары, колледж мұғалімдері, тіл жанашырлары қатысты.
Байқаудың әділ әрі шынайы өтуін қадағалау үшін қазылар алқасының құрамына Сарань қаласының тілдерді дамыту орталығының қазақ тілі курсының оқытушысы, А.Байтұрсынов атындағы Республикалық «Үздік оқытушы» байқауының бас жүлде иегері, Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының иегері Жупенова Динара Тәрбиеқызы, Ұлытау облысы әдістемелік орталығының жалпы орта білім беру бөлімінің бөлім басшысы Ташетова Гүлбаршын Бақтиярқызы, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің аға оқытушысы, тіл жанашыры, «Ұлар» әдеби клубының мүшесі Ермаханова Мақпал Шалғымбайқызы шақырылды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, жүлделі орындар тағайындалды. Бірінші орын иегері №4 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Абилдина Ақбаян Қадирбекқызы 150 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақыға ие болды. Екінші орынға жайғасқан №3 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Смаилова Бибігүл Бөкенқызына 100 мың теңге, ал үшінші орын иеленген №13 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ахмет Сәния Жұмабекқызына 50 мың теңге табысталды. Ал №22 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Тусупова Күлжан Ғабайдалақызы мен Жезқазған жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы Баймұханова Гүлшат Оразайқызы арнайы алғысхаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Шара соңында «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығы» КММ-сінің директоры Ақгүл Хамитқызы Ошағанова байқауға қатысқан барлық ұстаздар мен қазылар алқасының мүшелеріне, байқау қонақтарына өз алғысын білдірді. Бұл байқау ұстаздардың кәсіби дамуына серпін беріп, тіл үйрету ісіндегі үздіктерді анықтауға зор мүмкіндік берді.