МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ - ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫН БІРІКТІРЕТІН ТІЛ

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ - ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫН БІРІКТІРЕТІН ТІЛ
Мекенжайы Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жетісай қаласы, Амангелді 9А Уақыты 06.09.2024 00:00 Өтетін орны Жетісай аудандық мәдениет үйі Білетке сілтеме Сатып алу Сипаттамасы
5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай ауданда тіл саясатын іске асыру, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру мақсатында Жетісай ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын біріктіретін тіл» тақырыбында мерекелік іс-шарасы болып өтті. 
Жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы Есенкелді Алданиязов пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ директоры Құрманбек Рысмаханов пен Түркістан облыстық тәжік этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Сұлтанов, аудандық ардагерлер кеңесі мен әжелер алқасы, тіл жанашырлары мен аудан тұрғындары қатысты. 
«Тіл – кез келген ұлт пен халықтың, жалпы адамзаттың негізгі қатынас құралы. Тілсіз өмір сүру мүмкін емес. «Ұлтты жоям десең, әуелі тілінен баста» - деген ойдың астарында терең мағына жатыр. Расымен халқымыздың, дініміз бен діліміздің негізгі түп қазығы, ол – біздің ана тіліміз. Тіліміз бен ұлтымыздың жойылмауының жолында қаншама жанның құрбан болғанын ескерсек, ана тіліміз бен ата дәстүрімізге салғырт қарауға ешбіріміздің құқығымыз жоқ екенін аңғарамыз. Ана тіліміздің дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген тіл жанашырларына алғысымыз ерекше. Ауданымызда тұратын ұлттар мен ұлыстардың, түрлі этнос өкілдерінің бірлігі мен ынтымағына дәнекер болып жүрген ақсақалдарымызға да өз ризашылығымды білдіремін. «Тілге құрмет – елге құрмет». Баршаңызды мемлекеттік тілді құрметтей отырып оны жетік үйренуге шақырамын» деді Есенкелді Әшірханұлы.
Құттықтау сөз соңында бір топ тіл жанашырларына аудан әкімінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтар табысталды. Мерекелік жиын барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауында патриоттық әндер шырқалып, мың бұралған бишілер түрлі этнос өкілдерінің биін билеп, көпшіліктің көңілін көтерді. 
Сонымен қатар орталықтың тіл үйренушілері мен студенттер Алаш арыстарының ана тілі туралы өлеңдерін мәнерлеп оқып, жұртшылықты рухани байытса, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын біріктіретін тіл» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.